КӘУАП, КАБАП, КӘБАП, КӘБӘП, КЕБАБ, КЕБАП, КЕБЕП, ҚАБАБ

lat: KÁÝAP, KABAP, KÁBAP, KÁBÁP, KEBAB, KEBAP, KEBEP, QABAB

(ар. кабаб كباب) темір істікке шаншып, шоққа қақтап пісіретін ет, шашлык.

Шыжғырып алайын деп майын құйып, Төстіктен іске тартып кәуап қылды («Кете Жүсіп Ешниязов». Бес ғасыр жырлайды. ІІІ том. 1985).

Мубада пенде көңілі хош тілесе, Ол құстар келіп кабап қылар («Жан иесі өліп, ғарасатқа тіріліп, Ғазазіл ан хазірет илан үмбеттеріне таласып, имам Ағзам илан имам Шафқа жүгінгені». М.Жүсіп, ІІ-том, 2003).

Бұл пақыр кәбап жеді, майын сүртті, Аузын сүртпей, көршіге барып жетті («Қисса қырық уәзір». Бабалар сөзі. 8-том. 2004. 100 томдық).

Бейне бір кепкен төстіктей, Шоққа кәбәп қылыпты («Рүстем-Зораб». Қисса-дастандар, 1986).

Кәбәбы даяр болған соң, Аққан бұлақ қасында, Көкорай шалғын үстінде, Сусынына су ішіп, Кәбәбпті жеп тойыпты («Рүстем-Зораб». Қисса-дастандар, 1986).

Не түссе тор мен жайған тұзағыма, Жеуші едік үйге апарып кебаб басып («Қисса Ләйлі Мәжнүн». Бабалар сөзі. 19-том. 2005. 100 томдық).

Кебап қылып пісіріп, күміс табақ, Пенен тартып алдыма қойдылар («Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық).

Етікті шаншы істікке, Кебеп қылып ілейін («Сыршы молда». Бабалар сөзі. 1-том. 2004. 100 томдық).

Арыстанды ұстап алып балаларға етін қабаб қылармын, депті (Дала уалаятының газеті. 1891).

Кәбәб болу қайғыдан күйіп-жану.

Баян Сұлу қайғымен болды кәбәб, Тамам керуен Баянға болды сәбәп («Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» (Шөже нұсқасы). Бабалар сөзі. 54-том. 2009. 100 томдық).

Бауыры [жүрегі] кебаб қайғыға түсу, іші күйіп-жану.

Фәлак қылды баурым кебаб, Қарлығашқа бергіл жауап («Бозұғлан, Ахметбек һәм Жүсіпбек». Бабалар сөзі. 47-том. 2008. 100 томдық).

Күйіп бауырым болды кебап, Балам, сенен айрылғалы («Бозұғлан, Ахметбек һәм Жүсіпбек». Бабалар сөзі. 47-том. 2008. 100 томдық).

Анасы сол уақытта “аһ-үһ” деп жауап берді, Жүрегімді кәуап қып жақтың, деді («Ғазауат сұлтан». Бабалар сөзі. 13-том. 2005. 100 томдық).

Кәуапхана шашлық пісіретін, шашлык жейтін орын, жер.